"Жанымызда болғаныңыз үшін РАҚМЕТ", "Дер кезінде көмек беретініңіз үшін РАҚМЕТ", "Тыңдай білгеніңіз үшін РАҚМЕТ"...
Адам ауырған кезде, оның жанында болып, қолдау үшін үлкен түсіністік пен төзім қажет. Мұндайда біз көбіне ең керемет мейірбикелеріміздің мейірімділігіне, қамқорлығына және жанашырлығына сенім артамыз!
Таныс болыңыздар! Нұрхожаева Патшагүл Ерпайызқызы! Ол Алматы қаласындағы №4 қалалық емханада 37 жылдан астам еңбек етіп жүр.
Патшагүл Ерпайызқызы бала кезінен адамдарға қамқорлық көрсетіп, пайдасын тигізуді армандады. Және бұл арманына жетті. Қазір ол жоғары санатты мейірбике. Мейірбике болу — оның нағыз қалауы мен тағдыры!
«Менің ағам дәрігер болған. Мен оның іскерлігін, адамдарға деген жанашырлығын, антына адалдығын үлгі тұттым, жолын қудым, осылайша балалық арманым орындалды! Мен әркез адамдарға көмектесіп, қамқорлық жасағанды қаладым. Пациенттердің мінезі әртүрлі, бірақ мен бәрімен тіл табысамын. Мамандығымдағы жеңістің сыры неде екенін білесіз бе? Ол — шынайы күлкі, жылы көзқарас, мейірімді сөз және тыңдай білу қабілеті. Осылардың арқасында адамдар тезірек сауығып кетеді. Қазіргі таңда мен және әріптестерім пациенттерді өз-өзіне көмек көрсетудің негізгі принциптерін және денсаулыққа дұрыс қарауды үйретіп жатырмыз. Бұл — жұқпалы емес созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы. Мені пациенттердің өз денсаулығы туралы білімнің маңыздылығын түсініп, ықыласпен оқып жатқаны қуантады», — дейді ол.
Пациенттер мен әріптестері учаскелік мейірбикесіне дән риза.
«Ол — керемет жан. Оның бойында ең асыл қасиеттер бар. Көмек сұрап барсаң, зор ынтамен жәрдемдеседі. Үнемі жаңа дүниелерді біліп-тануға, қосымша білім алуға деген құштарлығын ерекше атап өту қажет. Ол пилоттық жобаларға белсенді қатысады, ең күрделі істерді орындап, білгенін өзгелерді үйретеді», — дейді олар.
«Мен халыққа үндеу тастап, әр адамды скринингтен өтуге шақырамын! Өздеріңізді ауру қаупінен қорғаңыздар. Уақыт тауып, емханаға профилактикалық тексеріске келіңіздер. Кейде бұл адам өмірін сақтап қалуы мүмкін! Скринингтер тегін жүргізіледі», — дейді Патшагүл Ерпайызқызы.
Алматы қаласындағы №4 қалалық емхананың 47 жылдық тарихында Патшагүл Ерпайызқызы учаскелік қызметтің дамуына өлшеусіз үлес қосты.